31 Қаңтар 2020
29

Оралда бастапқы медициналық көмек орталықтары ашылды

Орал қаласында екі емхана бастапқы медико-санитарлық көмек орталықтарын ашты, деп хабарлайды «Хабар 24».

 

Енді тұрғындар өз мекенжайларына жақын жерден дәрігерге қарала алады. Алайда қызмет сапасына көпшіліктің көңілі толмай отыр.

Шаһардың «Солтүстік-шығыс» ауданындағы отбасылық-дәрігерлік амбулаторияның ашылғанына көп бола қойған жоқ. Мұнда 6 дәрігер 10 учаскенің сырқаттарын қабылдайды. Бұрын ауырған тұрғындар 9-ықшам ауданға ат арытатын. Енді үйінен ұзамай-ақ, дәрігерге қаралады.

Мейрамгүл Аспенова, амбулатория меңгерушісі:

– 5 қаңтардан бері істеп жатырмыз. Біздің өзімізде екпе кабинеті бар. Балаларға екпе жасалады. Зертханамыз бар. Жақын жерден келіп, кісілер анализдерін тапсыра алады.

Жаңадан ашылған нысанның артықшылығы – халыққа жақын болуы. Бірақ осы бөлек орналасуы кемшілігі де. Себебі емханамен арада шауып жүргендер көп. Еңбекке жарамсыздық парағын ашу үшін, білікті мамандарға қаралу үшін, түрлі зерттеуден өту үшін науқастар бәрібір екі ортаны жол қылады екен. 

Надежда Новгородцкая, қала тұрғыны:

– Бір қарағанда ыңғайлы орналасқан. Бірақ бәрібір емханаға баруға тура келеді. Кардиолог, гинеколог секілді мамандарға қаралу үшін. Мында тек жалпы тәжірибелі дәрігер ғана. Әрі ғимарат та тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан. Ауасы тар.

Ал Деркөл ауылында өткен аптада ашылған медпункттің жайы бұдан да мүшкіл. Себебі сауда үйінде орналасқан. Қар ерігенде төбеден су тамшыласа, науқастардың киім ілетін де жері жоқ екен. Бір жағынан ағылшынша тіл сындырған балалар шулайды. Бүлдіршіндер мен сырқаттардың көрші отыруы да ешкімді мазалап жатпаған сыңайлы.

Ағилаш Қадырова, дәрігер:

– Бір дәрігер, екі медбике бармыз. Халық өте көп. 5 мыңдай тұрғын болса, соның 1600-і – балалар. Еш жағдай жоқ. Сырт киіммен кіреді. Бөлек процедуралық кабинет болуы керек. Ол тағы жоқ.

Сала басшылары көш жүре түзелетінін айтады. Басты мақсат – медициналық қызметтің халыққа жақын болуын қамтамасыз ету дейді. Әрі осы арқылы дәрігерлердің жүктемесі де азаймақ. Бұрын бір дәрігерге 2-3 мың сырқаттан келсе, бүгінде бұл көрсеткіш 1700-ге түсіпті.

Ерлан Мұқанов, денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Медициналық қызмет халыққа қолжетімді болуы үшін 15 минуттық жерде орналасуы тиіс. Осы принцип бойынша енді өзге емханаларда да, алыс жерлерде бастапқы медициналық санитарлық көмек орталықтары ашылады. Басты қиындық – маман тапшылығы. Өткен жылдан 389 дәрігер жетіспейді десек, қарашаға дейін облысқа 105 маман келді.

Маман тапшылығы таяу жылдары жойылады дейді басшылар. Бұл уәдені естігелі біраз болғандықтан, сену де оңай емес. Ал емханада дәрігерлер жетіспей жатқанда, жаңадан қосымша медициналық нысандар ашудың нәтижелі боларына көңілде күмән көп. Өйткені, қосылғыштардың орны ауысқаннан өзгеріс болса, қане?

Авторлары. Е.Жылқайдарұлы, Р.Ғазезов

 

Мемлекеттік бағдарламалар