28 Қараша 2019
89

«Болашақ» бағдарламасымен 1199 қазақстандық жас білім алуда

«Болашақ» бағдарламасы іске асырыла бастағаннан бастап, дарынды және сауатты жастар арасында  танымал болып, оларға шетелде сапалы білім алуға мүмкіндік берді.

Әлеуметтік-білім берудің ерекше жобасы Қазақстаннан өзге жерлерде де назардан тыс қалмады. 2014 жылы Майамиде (АҚШ) өткен Going Global VIII халықаралық конференциясында Британдық Кеңес пен Герман академиялық алмасулар қызметі зерттеулерінің қорытындысы бойынша "Болашақ" бағдарламасы әлем елдерінің арасында 11 ұқсас  шәкіртақы бағдарламасының ішінде үздік деп танылды.

2019 жылғы 26 қарашада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы өтті.

Комиссия шешімімен 234 үміткерге магистратурада және докторантурада білім алу үшін стипендия тағайындалды, сондай-ақ олар әлемнің жетекші ғылыми және өндірістік ұйымдарында  тәжірибеден өтуге жіберілетін болады.

  • 2020 жылдан бастап "Болашақ" халықаралық стипендиясын іске асыру үшін, конкурстық іріктеуді жүргізудің одан әрі жетілдірілген автоматтандырылған тетіктерімен, үміткерлерді іріктеудің шынайылығын  көздейтін цифрландырылған жаңа тәсілдері енгізілмек. "Болашақ" бағдарламасының тиімділігін одан әрі арттыру мақсатында өңірлік деңгейде онлайн-тестілеу тәсілдерін кезең – кезеңмен енгізу, сондай-ақ , 2020 жылдан бастап ағылшын тілін білу талаптарын арттыру жоспарлануда, - деп атап өтті Батыс Қазақстан облысы бойынша "Болашақ" қауымдастығының жетекшісі Салтанат Тұманбаева.

Қазіргі уақытта Батыс Қазақстан облысында "Болашақ"бағдарламасының 100 түлегі еңбек етуде. Оның ішінде мемлекеттік қызметте – 18 адам, денсаулық сақтау саласында – 27 дәрігер, білім саласында – 31 мұғалім, жеке мекемелерде – 24 түлек. Ағымдағы жылы тағы 5 стипендиат оқуын жалғастыруда.

"Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ ақпараты бойынша, қазіргі таңда "Болашақ" бағдарламасымен әлемнің 20 елінде 1199 стипендиат білім алуда. Бірінші орында – Ұлыбритания және Ирландия Республикасы, екінші орында – АҚШ және Еуропа елдері – Австрия, Швеция, Швейцария, Франция, Нидерланды, Финляндия, Италия. Үшінші орын - Жапония, Оңтүстік Корея және Сингапур. Тізімді Ресей Федерациясы жабады.

Естеріңізге сала кетейік, "Болашақ" халықаралық стипендиясы Қазақстан Республикасы Президентінің 1993 жылғы 5 қарашадағы қаулысымен бекітілген. Бағдарламаны іске асырудың 26 жылында 13 870 стипендия тағайындалды.

 

Мемлекеттік бағдарламалар