28 Мамыр 2018
744

Қазақстан Республикасындағы телемедицина

Қазақстан Республикасының  Денсаулық сақтау  және әлеуметтік даму министрлігімен, Қазақстан Республикасының  «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексі шеңберінде, ауыл тұрғындарына мамандандырылған медициналық көмектің қол жетімділігін қамтамасыз ету мақсатында, 14 облыста, Астана және Алматы қалаларында Қазақстан Республикасының Ұлттық телемедицина желісі құрылды және нәтижелі  қызмет атқарып келеді.

Телемедицина –  бір-бірінен қашық орналасқан  нысандар арасында (медициналық мекемелер, емделушілер мен дәрігерлер, денсаулық сақтау өкілдері және т.б.) медициналық көмек пен денсаулық сақтау саласындағы қызмет түрлерін көрсету үшін телекоммуникациялық және компьютерлік технологияларды пайдаланатын медицина саласы, негізгі мақсаты: орналасқан жеріне қарамастан Қазақстан Республикасының кез келген азаматына өз мерзімінде сапалы медициналық қызмет көрсету болып табылады.  Емделушілерге облыстық, қажет болған жағдайда республикалық деңгейдегі білікті дәрігерлердің қашықтықтан кеңес беруі ауруларды уақытылы анықтау және емдеу мәселелерін шешуге жәрдемдеседі.  Көбінесе облыстық немесе республикалық орталыққа бару  қажеттілігі туындамайды. Кеңес беру  кезінде жол шығындарына, тұруына жұмсалатын қаражат едәуір үнемделеді. Әсіресе, бұл медицина қызметкерлерінің сүйемелдеуі мен тасымалдауына мұқтаж науқастар үшін тиімді. Басқалай айтқанда, телемедицина кеңесі  – ауылдық  дәрігерлер мен науқастар үшін  басқа қалаға бармай, қосымша шығынсыз және уақытты үнемдей отырып, бейінді мамандармен науқастарды емдеу және диагностикалау ерекшеліктерін талқылауға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда НТМС құрамына 199 денсаулық сақтау нысаны кіреді, атап айтқанда – Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі, 14 облыстық денсаулық сақтау басқармалары, ҚР ДСӘДМ ШЖҚ «Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы» РМК, 14 республикалық клиникалар, 6 медициналық ЖОО және АМДБЖИ (АГИУВ), 14 облыстық ауруханалар, 140 аудандық орталық ауруханалар, 2 қалалық ауруханалар, Шымкент облыстық балалар ауруханасы, Атырау және Тараз қалаларындағы 2 кардиологиялық  орталық, Өскемен қаласындағы Ана мен бала орталығы, Қазалы апаттар медицинасының темір жол ауруханасы, Көкшетау медициналық колледжі.

Орнатылған телемедицина құрылғысы және «ИС-Телемедицина» бағдарламасы аудандық, облыстық және республикалық телемедицина орталықтары арасында  жедел түрде кеңес өткізуге мүмкіндік береді.

2015 жылы 24970 телемедициналық  және бейнекеңестер өткізілді. Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарындағы денсаулық сақтау мекемелерінде телемедицина мүмкіндіктері неғұрлым тиімді пайдаланылған. Емделушілер арасында кардиолог, пульмонолог және невролог мамандарына сұраныс  көп.  Өткен жылы облыстық ауруханалар мен республикалық клиникалардың кеңес беруші дәрігерлері 6298 рентген түсірілімін сипаттап, 4346 электрокардиограммаға түсінік берген және 1415 ультрадыбыстық зерттеуді қарастырды.

 

Мемлекеттік бағдарламалар